Главная Новости Жақсының аты өшпейді
04 мамыр 2024, 10:34 830

Жақсының аты өшпейді

Жақсының аты өшпейді

Қай заманда да адам баласы үшін ерен еңбектің орны ерекше. Адал еңбек адамды ер атандырады, ұрпаққа үлгі етеді, мерей-шаттыққа бөлейді. Шынайы еңбек-шапағаты мол бірлік пен бағасы қымбат бақытқа жетелейтіні ақиқат. Еңбегі ел есінде қалған жандарды ұлықтау, ұрпаққа таныту - бүгінгі буынның парызы. Осы орайда Жетібай ауылында Еңбек Ері Салық Рысқалиевты еске алу шарасы өтті.

Салық Рысқалиұлы Атырау өңірінен Маңғыстауға мұнай көзін барлау үшін жолданған алғашқылардың бірі болатын. 1958 жылдан ғұмырының соңына дейін «Маңғышлақ мұнай-газ барлау» тресінің Жетібай мұнай-газ барлау экспедициясында бұрғылау шебері болып еңбек еткен. Ол 1961 жылы Жетібай кен орнында мұнайдың мол қоры бар екенін іс жүзінде дәлелдеген адамдардың бірі еді. 1963 жылы Салық Рысқалиев басқарған бригада 3722 метр орнына 4999 метр тереңдікті бұрғылап, зор табысқа жетті. Осы ерлігі үшін 1966 жылдың шілдесінде Ленин орденімен марапатталып, Социалистік Еңбек Ері атағын иеленді. Еңбек ері Салық Рысқалиев 1973 жылы 48 жасында ауыр дерттен көз жұмып, Жетібай ауылының жанындағы Мешітбай әулие қорымында жерленді.

Еңбек еріне мемориалдық тақтаны ашу митингісі Жетібай кен орнындағы Маңғыстау мұнайының алғашқы бұрқағы атқылаған №6-шы ұңғының басында алғашқы ашушыларға арналған стелла кешенінде өтті.

Жиынға Қарақия ауданының басшылығы, «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамының басшылығы, еңбек ардагерлері мен қызметкерлері, Салық Рысқалиевтың ұрпақтары мен жақын туысқандары, Жетібай ауылының тұрғындары қатысты. Митингіде ҚР белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Қайролла Ережепов, Қарақия ауданы әкімінің орынбасары Санат Төкенов, «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы бас директорының әкімшілік және әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Нұрпейіс Сәрсенбай, «Маңғыстаумұнайгаз» Еңбек ардагерлері Кеңесінің төрағасы Тұрарбек Ахметов және Салық Рысқалиевтың қызы Ақкүміс Рысқалиевалар сөз сөйледі. Олар Маңғыстау мұнайының ардагерлерін, соның ішінде алғашқы мұнайдың қызуын өз қолымен сезінген тұңғыш көш бастаушыларды еске алып, жиналғандарды - Салық Рысқалиевтің құрметіне арналған мемориалдық тақтаның ашылуымен құттықтады. Аға буын геологтар мен мұнайшылардың ерен еңбегі атап өтіліп, еңбек ерлеріне арналған осындай ескерткіштер жас ұрпақтың еңбекқор азамат болып қалыптасуына өз септігін тигізетініне сенім білдірді.

Ескерткіш тақтаның ашылуынан кейін Жетібай кен орны мұражайының жанында тігілген киіз үйде еңбек ері марқұм Салық Рысқалиевтің құрметіне ас беріліп, Құран бағышталды. Еңбек ері Салық Рысқалиұлының ұрпақтары және мұнай-газ кешені қызметкерлерінің ардагерлер бірлестігі осы шараны ұйымдастырушыларға өз ризашылықтарын білдірді.

Еще больше новостей на нашем telegram-канале , подписывайся и будь в курсе!
АРХИВ ЖУРНАЛОВ SKNEWS

Смотрите также

Мы в социальных сетях:
Поддержка читателей:
+7 (7172) 99 97 86
Наш адрес:
г.Астана, ул. Е10,
дом № 17/10, АЗ «Зеленый квартал», блок «Т4» 12 этаж
E-mail: