Главная Новости Маңғыстаумұнайгаздың Жанымы
17 мамыр 2024, 13:21 839

Маңғыстаумұнайгаздың Жанымы

Маңғыстаумұнайгаздың Жанымы

Туып-өскен жердің топырағында өніп, сол мекеннің гүлденуіне елеулі үлес қосып жүрген нәзік жандылардың бірі Жаным Сағындыққызы. 1983 жылы Еңбек Қызыл Ту орденді Қарағанды политехникалық институтының инженерлік құрылыс факультетін құрылыс инженері мамандығы бойынша тәмамдап, еңбек жолында Қоғамның «Қаламқасмұнайгаз» өндірістік басқармасы, «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасы құрылымдық бөлімшелері бойынша жауапкершілік аймағында сала бойынша түрлі лауазымдарды атқарған ол, бүгінгі таңда «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасының Әкімшілік шаруашылық бөлімінің меңгерушісі ретінде қызмет етеді. Сүйікті кәсібіне адал, жүрген ортасына сыйлы, еңбекқор жұмыскер жан Жанымның саналы ғұмыры өндіріспен біте қайнасып жатыр.

«Кез келген істі іліп әкету, оның тереңіне бойлап атқару мен үшін қалыпты жағдай. Бұл еңбектенуге үйреткен ата-анамның тәрбиесі болса керек. Жұмысты жауапкершілікпен сезініп, уақтылы орындау – басты қағидатым. «Қалауын тапсаң қар жанады» демей ме, ниетің мен икемің болса адамның қолынан келмейтін іс жоқ», - дейді мұнайымдық Жаным.

Лауазымдық қызметпен қатар мекемеішілік қоғамдық жұмыстарды да белсенді түрде атқаратын жұмыскер Жаным апай өндіріс ошағының сәні. Ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында кен орынға қатысты талай іс-шаралардың басы-қасында жүретіндігіне де куә болып жүрміз. «МұнАйым» әйелдер энергетикалық клубына да шын жанашыр.

Биязы қалыпты, жүрегі жұмсақ Жаным өз ұжымдастарының арасында да құрметке ие. Жасының үлкендігін алға тартпай, ортақ жұмысты дөңгелендіріп әкететініне риза әріптесері оны «Жанапа» дейді екен.

«Жарты өміріміз жұмыста өтеді ғой енді. Ұжымда үлкен буын ағалар да, кіші буын інілер де сыйлайды. Аллаға шүкір, сыйластық пен ауызбіршіліктің арқасында бірге еңбек етіп келеміз ғой енді», - дейді ол.

Жаным Оразмағамбетова, жұмыскердің еселі еңбегін қашанда биік бағалайтын Компаниямыздан, сондай-ақ «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ жұмыскерлерінің жергілікті кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің тарапынан, тіпті Маңғыстау облысының әкімінің, «Аманат» партиясының атынан да бір емес, бірнеше бағалы марапаттарға ие болған.

Жаным бүгінде төрт қыз, бір ұлды аяқтандырып, олардан өнген немере-жиендердің тәрбиесіне асқан байыптылықпен атсалысып жүрген ардақты әже. «Балаларым байлығым!» деп еміренген ананың асқақ арманы – солардың рақатын көру. Жұмыста темірдей тәртіпті ұстанатын, жұмыс талабына мұқият жұмыскер апаймыздың аналық тілегінің орындалуына біз де тілекшіміз.

Еще больше новостей на нашем telegram-канале , подписывайся и будь в курсе!
АРХИВ ЖУРНАЛОВ SKNEWS

Смотрите также

Мы в социальных сетях:
Поддержка читателей:
+7 (7172) 99 97 86
Наш адрес:
г.Астана, ул. Е10,
дом № 17/10, АЗ «Зеленый квартал», блок «Т4» 12 этаж
E-mail: